Өскемендегі «Казцинк» аумағында жарылыс болды: зардап шеккендер бар

Өскемендегі «Казцинк» аумағында жарылыс болды. Жарылыс салдарынан төрт адам зардап шекті. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

ТЖМ мәліметінше, оқиға шаң ұстау цехында болған. Шаң ұстау құрылғысынан шыққан газ-ауа қоспасының әсерінен жарылыс тіркеліп, кейін ғимарат ішінара опырылған.

Оқиға орнына ТЖМ бөлімшелері жедел жетіп, өртті қысқа уақытта оқшаулаған. Қазір құтқарушылар конструкцияларды бөлшектеу, өрт ошақтарын толық сөндіру және зардап шеккендерді іздестіру жұмыстарын жалғастырып жатыр, — делінген хабарламада.

Алдын ала мәлімет бойынша, төрт адам медициналық мекемеге жеткізілген. Олардың жағдайы нақтыланып жатыр. Жалпы оқиға орнында 40 құтқарушы мен 10 техника бірлігі жұмылдырылған. Өрттің нақты аумағы анықталып жатыр.

ТЖМ жанынан жедел штаб құрылып, оның құрамына мемлекеттік органдар мен тиісті қызметтердің өкілдері енгізілген.