Қазақстанда мигранттарға бірыңғай салық енгізілуі мүмкін

Қазақстанда 2026 жылдан бастап жұмыс істеуге келетін шетел азаматтары үшін бірыңғай салық енгізу жоспарланып отыр. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаевтың айтуынша, жаңа салық режимі жеңілдетілген тәртіпке кірмейтін шетел азаматтарына қатысты болады.

Атап айтқанда, бұл өзгерістер Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) елдерінің азаматтарына, инвесторларға және елде сұранысқа ие мамандық иелеріне қолданылмайды.

Қазіргі таңда жеңілдетілген тәртіпке жатпайтын шетелдік жұмыс күші квота арқылы тартылады. Жыл сайын еңбек министрлігі заңды және жеке тұлғалар үшін екі бөлек квота бекітеді. Енді осы жүйе өзгеріп, екі квота біріктіріліп, біртұтас тәртіп енгізіледі. Қазіргі жүйеде кейбір компаниялар жеке тұлғаларға арналған төмен мөлшерлемені пайдаланып, еңбек мигранттарын жанама түрде жұмысқа тартады. Мысалы, жеке тұлға арқылы келген шетелдік жұмысшы жеті айлық есептік көрсеткіш (АЕК) көлемінде төлем жасап, іс жүзінде заңды тұлғада еңбек етеді. Осындай олқылықтарды болдырмау үшін бірыңғай квота мен ортақ салық мөлшерлемесін енгізу ұсынылып отыр. Жаңа тәртіп бойынша, шетел азаматы белгіленген салықты төлегеннен кейін, жеке тұлғаларда да, заңды тұлғаларда да жұмыс істей алады, — деді Асқарбек Ертаев.

Қазіргі уақытта бұл өзгерістерге қатысты құжат жобасы мемлекеттік органдардың қарауына жіберілген.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Тағы да