Алматының Бостандық ауданы аумағында белгісіз ер адам автобус аялдамасында 66 жастағы әйелге шабуыл жасады. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Оқиға қаладағы «Алматы» шипажайы көшесінде болған. Зардап шеккен әйелдің қызы әлеуметтік желіде оқиға сәті түсірілген видеоны жариялап, анасының жағдайы ауыр екенін айтты.
Анам аялдамада автобус күтіп тұрған. Белгісіз ер адам сыртынан келіп, айналада ешкім жоқ сәтті пайдаланып, оны аяусыз соққыға жыққан. Қазір анамыз ауруханада жатыр, жағдайы өте ауыр, – деп жазды ол.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Алматы қалалық полиция департаменті мәліметінше, оқиға бойынша Бостандық аудандық полиция басқармасы қылмыстық іс қозғаған. Құқық қорғау органдарының хабарлауынша, күдікті «ізін суытпай» анықталып, ұсталған. Ол уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Қазіргі уақытта оқиғаның мән-жайын жан-жақты әрі объективті зерттеуге бағытталған тергеу амалдары жүргізіліп жатыр, – делінген полиция хабарламасында.
