Amanat партиясының қолдауымен Батыс Қазақстан облысында ауылдық округ әкімдерінің «Ауыл – ел тірегі: даму мен серіктестіктің жаңа кезеңі» атты I форумы өтті. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Әкімдіктік мәліметінше, маңызды алаң ауылдық аумақтарды дамыту, жергілікті басқару тиімділігін арттыру және тәжірибе алмасу бағытында мазмұнды пікірталастар ұйымдастыруға мүмкіндік берді.
Форум аясында қатысушылар киіз үйлер мен көрмелерді аралап, өңірдегі үздік жобалармен танысты.
Пленарлық отырысқа облыс әкімі Нариман Төреғалиев қатысып, ауылдық округтердің дамуына қатысты негізгі басымдықтарды атап өтті. Сонымен қатар үздік ауыл әкімдері марапатталып, мерекелік концерттік бағдарлама ұйымдастырылды.
Іс-шарада ҚР мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасы Дархан Жазықбай мемлекеттік қызметшілермен кездесу өткізіп, саладағы өзекті мәселелер бойынша пікір алмасты. Панельдік сессияларда ауылдарды дамытуға бағытталған жаңа бастамалар мен тиімді шешімдер кеңінен талқыланды.
Форумға қатысқан БҚО мәслихатының төрағасы Мұрат Мұқаев ауылдың әлеуетін арттыру – ортақ міндет екенін атап өтті.
Ауыл – елдің тірегі. Сондықтан ауылдардың тұрақты дамуы мен тұрғындардың өмір сапасын арттыру бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыру қажет, – деді ол.
