Не болды?

Кейінгі жылдары еліміздің ішкі туризмі қарқынды дамып келеді. Туристер жыл сайын артып отыр. Әсіресе COVID-2019 індетінен кейін бұл сала тұрақты өсіп жатыр. Мысалы, 2025 жылдың қорытындысы бойынша, қызмет көрсетілген (саяхат кезінде қонақүй жалдап, тұрған) ішкі туристер 11% өсіп, 8,7 миллион адамға жетті. Бұл – кейінгі жылдардағы рекорд.

Ішкі туризм көрсеткіші қарқынды түрде өссе де, кейбір мәселе әлі бар. Baribar.kz солардың ішіндегі ең маңыздысы баға өсімі туралы айтып береді.

ішкі туризм
Фото: Energy Prom

Кейінгі жылдары баға қалай өзгерді?

2026 жылғы наурызда «Демалыс және мәдениет» санатындағы баға бір жылда 13,2% өсті. Бұл елдегі жалпы инфляция деңгейінен де, қызмет көрсету секторындағы баға өсімінен де көп.

Жалпы, 2020 жылғы желтоқсаннан бері бұл санаттағы баға өсімі 88,3%-ға жеткен. Бұл да орташа көрсеткіштен жоғары.

Биыл қызметтің қай түрі басқаларына қарағанда қымбаттады?

Ұлттық статистика бюросының дерегі бір жыл ішіндегі баға динамикасының біркелкі емес екенін көрсетеді. Мысалы, 2026 жылғы наурызда:

  • бассейн қызметі 15,8%;
  • кинотеатр қызметі 17,5%;
  • театр қызметі 41,1%;
  • қонақүй қызметі 9,5% өсті.

Компанияның турист пен өз азаматы үшін әртүрлі баға қоятыны дұрыс па?

Алматыдағы Oi-Qaragai курорты жергілікті тұрғын мен басқа мемлекеттен келетін туриске екі түрлі баға ұсынып отыр. Бұл шешім халықаралық тәжірибе мен келушілердің пікіріне негізделіп қабылданған.

Әлемнің бірнеше елінде жергілікті тұрғын мен шетелдік турист үшін әртүрлі тариф қолданылады.

  • Тайландта ұлттық парк пен көрікті жерлерде жергілікті тұрғындар туристерге қарағанда арзанырақ төлейді.
  • Египетте тарихи орындарда шетел азаматтары үшін баға жоғары.
  • Индонезияда (әсіресе, Бали аралында) айырмашылық 10 есеге дейін жетеді.
  • Жапонияда кейбір мәдени нысандарда туристер жергілікті тұрғындардан екі есе көп төлейді.
  • Өзбекстанда да тарихи нысанға кіру үшін туристер жергілікті халықтан 10 есе қымбат төлейді.

Бұдан бөлек Түркия, Үндістан, Марокко, Қытай, Виетнам және Еуропаның бірнеше елінде де жергілікті халық пен туристерге екі түрлі тариф жасалған. Қолайлы баға саясаты тек коммерциялық мақсатты көздемейді. Бұл — әлеуметтік маңызы бар құрал.

***

Тағы оқыңыз:

Жүк жинау және түсі ашық чемодан. Жалғыз саяхаттауға арналған чек-лист