«Түркі әлемі тағы бір тұлғасынан айырылды». Садыр Жапаров қазақ халқына көңіл айтты

Қырғыз Республикасының президенті Садыр Жапаров Қасым-Жомарт Тоқаевқа әйгілі қазақ ақыны, қоғам қайраткері Мұхтар Шахановтың дүниеден өтуіне байланысты көңіл айту жеделхатын жолдады. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Жеделхатта Қырғызстан президенті қаралы хабарды үлкен қайғымен қабылдағанын атап өтіп, Мұхтар Шахановты тек қазақ халқының ғана емес, қырғыз жұртының да рухани тірегі болған тұлға ретінде сипаттады.

Мұхтар аға бауырлас қазақ халқының ғана емес, қырғыз елінің де арқа сүйер асқар тауы еді. Мұндай тұлғалардың өмірден өтуін халқымыз «бір дәуірдің аяқталуы» деп бағалайды. Шынында да, оның дүниеден өтуімен бүкіл түркі әлемінен бір дәуір кетті, – делінген жеделхатта.

Садыр Жапаров сонымен қатар ақынның қайсар мінезі мен әділдік жолындағы батыл ұстанымын ерекше атап өтті. Оның кеңестік кезеңде де, кейінгі жылдары да ел тағдырына қатысты шындықты ашық айтып, азаматтық позициясынан таймаған тұлға болғанын еске салды.

Жеделхатта ақынның «Желтоқсан» оқиғасы кезіндегі ұстанымы да айтылып, оның Шыңғыс Айтматовпен достығы екі халықтың бауырластығын нығайтуға үлкен үлес қосқаны атап өтілген.

Қырғызстан президенті қазақ халқына және марқұмның жақындарына көңіл айтып, сабыр мен төзім тіледі.