Ауа райына байланысты бірнеше өңірде жол жабылды

Қолайсыз ауа райына байланысты Қазақстанның бірнеше өңірінде республикалық маңызы бар тасжолда қозғалысқа уақытша шектеу енгізілді. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

«ҚазАвтоЖол» мәліметінше, Ұлытау облысында 17 сәуір сағат 07:30-дан бастап «Қызылорда – Жезқазған – Қарағанды – Шідерті» автожолының 433–788 шақырым аралығында (Жезқазған қаласынан Қарағанды облысының шекарасына дейін) барлық көлік түрлерінің қозғалысы тоқтатылды. Жолды сағат 11:30-да ашу жоспарланған.

Қарағанды облысында да дәл осы бағыттың 788–906 шақырым аралығында (Ұлытау облысының шекарасынан Топар кентіне дейін) қозғалысқа шектеу қойылды. Бұл учаске де 11:30-да ашылады деп күтілуде.

Абай облысында 17 сәуір сағат 09:00-ден бастап бірқатар негізгі трассалар жабылды. Атап айтқанда:

  • «ҚХР шекарасы – Майқапшағай – Қалбатау – Семей – Павлодар – РФ шекарасы» жолының 756–906 шақырымы (Семей – Қалбатау);
  • «Алматы – Талдықорған – Өскемен – Шемонаиха – РФ шекарасы» жолының 778–967 шақырымы (Аягөз – Қалбатау).

Жолды сағат 15:00-де ашу жоспарланып отыр.

Сонымен қатар 17 сәуір сағат 09:00-ден бастап Шығыс Қазақстан облысы мен Абай облысында жүк және қоғамдық көліктерге, сонымен бірге жазғы дөңгелекпен жүрген автокөліктерге бірқатар бағыттарда шектеу енгізілді.

ШҚО-дағы негізгі шектеулер:

  • «Өскемен – Семей» (Казачье – Таврия; Таврия – Абай облысы шекарасы);
  • «Өскемен – Риддер – РФ шекарасы» (ӨскеменРиддер);
  • «Өскемен – Алтай – Катонқарағай – Рахман қайнары»;
  • «Алматы – Талдықорған – Өскемен – Шемонаиха – РФ шекарасы» жолының бірнеше учаскесі.

Абай облысында:

  • «Алматы – Талдықорған – Өскемен – Шемонаиха – РФ шекарасы» (Қалбатау – ШҚО шекарасы);
  • «Өскемен – Семей» (ШҚО шекарасы – Семей).

Бұл бағыттардағы қозғалысты 17 сәуір күні сағат 14:00-де қайта ашу жоспарланып отыр.