Өскеменде дүкеннің ашылуына орай өткен тегін тарату акциясы тәртіпсіздікке ұласып, кәсіпкер бес тәулікке қамалды. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
ШҚО сотының мәліметінше, 11 сәуір күні кәсіпкер қоғамдық тәртіп талаптарын сақтамай, «Башпай» дүкенінде жаппай іс-шара ұйымдастырған.
Акцияда тауарлар жеңілдікпен сатылып, келушілерге тегін тамақ пен аяқ киім таратылған. Алайда келушілердің шамадан тыс жиналуы салдарынан дүкен маңында қысылыс пайда болып, адамдар бірін-бірі итеріп, жалпы тәртіп бұзылған. Соның нәтижесінде қоғамдық қауіпсіздік талаптары сақталмай, жағдай ушыққан, — делінген хабарламада.
Сот шешімімен ер адам «ұсақ бұзақылық» бабы бойынша кінәлі деп танылып, бес тәулікке әкімшілік қамауға алынды.
Айта кетейік, акция барысында 100 жұп аяқ киім тегін таратылған. Келушілердің көп жиналуы салдарынан тауар үлестіру кезінде ретсіздік орын алған. Осы оқиғадан кейін 12 сәуірде ұйымдастырушыға қосымша 20 АЕК көлемінде (шамамен 86 мың теңге) айыппұл салынған.
