Алматыда нөсер жаңбыр салдарынан Бостандық ауданындағы бау-бақша серіктестіктерінің бірінде топырақ көшіп, тұрғын үйдің шатырына зақым келді. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Қалалық ТЖД мәліметінше, құтқарушыларға шақырту 16 сәуір күні кешке түскен.
Оқиға «Ремизовка» бау-бақша серіктестігі аумағында болған. Нөсер жауын салдарынан топырақ шамадан тыс ылғалданып, шамамен 300 текше метр жер массасы сырғыған. Соның нәтижесінде бір үйдің шатыры зақымданған. Оқиға орнына 40-қа жуық құтқарушы жұмылдырылған. Зардап шеккендер жоқ, — делінген хабарламада.
Қазіргі уақытта арнайы комиссия тексеру жүргізіп жатыр. Оқиға орнында ТЖД қызметкерлері мен полицияның кезекшілігі ұйымдастырылған.
