Елімізде ең төменгі жалақы 150 мың теңгеге жетуі мүмкін

Қазақстандағы ең төменгі жалақының мөлшерін 150 мың теңгеге дейін жеткізу жоспарланып отыр. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Азамат Әмриннің айтуынша, үкімет ең төменгі жалақыны кезең-кезеңімен арттыру мәселесін қарастырып отыр. Алайда, ең төменгі жалақы нақты қашан 150 мың теңге болатыны әлі белгісіз.

Азамат Әмриннің айтуынша, бұл шешім бір ғана факторға емес, бірнеше экономикалық көрсеткішке байланысты қабылданады.

Жалпы әлемде ең төменгі жалақы медианалық жалақының шамамен 50% болады. Біздің елдегі медианалық жалақы – шамамен 302 мың теңге. Сондықтан ең төменгі жалақыны 150 мың теңгеге дейін жеткізу біздің жақын уақыттағы мақсатымыз. Бірақ бұл қалай жүзеге асады, ол қазіргі есептеліп жатқан бюджетке байланысты, – деді вице-министр үкімет кулуарында.

Сонымен қатар вице-министр ең төменгі жалақыны көтеру мүмкіндігі мемлекеттік бюджеттің кірісіне тікелей тәуелді екенін атап өтті.