Инвестиция мен технология: елде агросаланы дамыту жолдары талқыланды

Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі алаңында агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға арналған стратегиялық сессия өтті. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Жиынға СЖРА басшысы Әсет Ерғалиев төрағалық етті.

Сессия жұмысына ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров, «Агрофирма Родина» ЖШС-нің бас директоры Иван Сауэр, «Зенченко и К» КТ директоры Геннадий Зенченко, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының агроөнеркәсіптік кешен комитетінің төрағасы Ержан Нұрбаев, сонымен қатар салалық қауымдастықтардың, сарапшылар қоғамдастығы мен бизнестің өкілдері қатысты. Стратегиялық сессияның  міндеті агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың өзекті мәселелерін талқылау және мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру шеңберінде мемлекеттік саясаттың тиімділігін арттыру бойынша ұсыныстар әзірлеу болды, — делінген хабарламада.

Сессияны аша отырып, Әсет Ерғалиев агроөнеркәсіптік кешеннің маңызды рөлін атап өтіп, жүйелі әрі уақтылы әрекет етуді талап ететін сын-қатерлердің бар екенін айтты.

Әсет Ерғалиев
Фото: Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі

Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров кейінгі жылдары агроөнеркәсіптік кешенді қаржыландыру құралдары, оның ішінде жеңілдетілген несиелеу мен нарықтық ресурстарды тарту кеңейтілгенін атап өтті. Бұл инвестициялық белсенділікті арттыруға, технологияларды енгізуді жеделдетуге және өндірістің тұрақтылығын күшейтуге мүмкіндік берді.

«Агрофирма Родина» ЖШС-нің бас директоры Иван Сауэр агробизнесті жүргізу шарттарына ерекше назар аударып, саладағы ұзақ мерзімді инвестициялық жобаларды іске асыру үшін тұрақты әрі болжамды ортаның маңыздылығын атап өтті.

Өндіріс тиімдігі тақырыбын жалғастыра отырып, «Зенченко и К» КТ директоры Геннадий Зенченко жер ресурстарын ұтымды пайдалану, технологиялық тәртіпті сақтау және ауылдық өңірлердің тұрақтылығының негізі ретінде мал шаруашылығын одан әрі нығайтудың маңыздылығына тоқталды.

Сүт бағытындағы инвестициялық жобаны іске асырудың практикалық тәжірибесімен «Рамадан» сүт фермасының директоры Жарас Қанапин бөлісіп, тұрақты өндірістік көрсеткіштерге қол жеткізілгенін атап өтіп, өнімді қайта өңдеу мен өткізу бағыттарын дамыту қажеттігін айтты.

Nurym-GROUP ЖШС директоры Сырым Ерсаев бизнесті кеңейту үшін тұрақты қаржылық тетіктер мен болжамды жағдайлардың маңыздылығын атап өтіп, мал шаруашылығы мен экспорттық әлеуетті дамыту бойынша ұстанымын ұсынды.

Стратегиялық сессияның қорытындысы бойынша саланың дамуын тежейтін жүйелі шектеулерді жоюға бағытталған ұсыныстар қалыптастырылды.