Алматы шетел фотографтарының объективі арқылы жаңа қырынан танылып жатыр. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Әкімдіктің мәліметінше, әлемдік деңгейдегі платформаларда, соның ішінде National Geographic беттерінде еңбектері жарияланып жүрген поляк фотографтары шаһарға арнайы сапармен келді.

Әлем Алматыны көреді
Жобаның басты мақсаты – Алматының сан қырлы болмысын халықаралық аудиторияға таныту. Фотографтар тарихи көшелерді, заманауи мегаполистің тынысын, табиғат пен қала үйлесімін және Шымбұлақ тау курортының көркем келбетін таспаға түсіріп жатыр.
Түсірілім жұмыстарын Almaty Tourism Bureau қолдап отыр. Әрбір кадрда қаланың ерекше атмосферасы – көшелердің қарбалас ырғағы, ескі мен жаңаның үйлесімі және табиғаттың сұлулығы айқын көрініс табады. Жоба аясында дайындалған фото және бейнематериалдар халықаралық медиа мен әлеуметтік желілерде жарияланып, Алматының туристік әлеуетін арттыруға ықпал етеді, — делінген хабарламада.

Туризмді дамытуға бағытталған жаңа жоба
Мамандардың болжамынша, 2025 жылы қалаға 754 мың шетел турисі келген болса, 2026 жылы бұл көрсеткіш 800 мыңнан асады. Халықаралық жарияланымдар Алматының Орталық Азиядағы тартымды туристік бағыт ретіндегі беделін нығайта түседі.
