Астана – Талдықорған бағытында жаңа пойыз іске қосылды

«Қазақстан темір жолы» Астана мен Талдықорған арасында жаңартылған RWS вагондары бар жаңа пойыз бағытын іске қосты. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Тасымалдаушының мәліметінше, бұл бағыт жолаушылардың көптен бергі сұранысына жауап ретінде енгізіліп отыр.

Жаңа пойыз құрамында екі купе және екі плацкарт вагоны болады, олар күнара қатынайды. «45» сериялы вагондар заманауи қауіпсіздік, энергия тиімділігі және жайлылық талаптарына толық сай келеді. Вагондардың іші тозуға төзімді материалдардан жасалған. Олар климаттық бақылау және ауаны зарарсыздандыру жүйелерімен, ыңғайлы жатын орындарымен, USB порттарымен және 220 вольтты розеткалармен, Wi-Fi, LED жарықтандыру және заманауи жылу оқшаулау жүйесімен жабдықталған, — делінген хабарламада.

пойыз, вагон
Фото: ҚТЖ

Сонымен қатар пойыздар бейнебақылау, өрт сөндіру жүйелері және орталық кондиционермен қамтамасыз етілген. Жолаушылар үшін аудио ақпараттандыру, электрон табло және шығу жолдарын жарықтандыру жүйелері де қарастырылған.