Алматыда суық сумен жабдықтау және кәріз қызметін пайдаланушыларды кешенді тексерудің белсенді кезеңі басталды. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
«Алматы Су» мекемесінің мәліметінше, тексеру жұмыстары суды пайдалану саласында тәртіп орнату, есептің ашықтығын арттыру және су шығынын азайту мақсатында жүргізіліп жатыр.
Іс-шараларда абоненттердің қызметтерді пайдалану қағидаларын сақтау деңгейі тексеріледі. Әсіресе заңсыз қосылу, есептеу құралдарына араласу және тұтыну көлемін әдейі төмендету фактілеріне басымдық беріліп отыр. Сонымен қатар мамандар инженерлік желілердің техникалық жағдайын да бағалап жатыр. Түгендеу жұмыстары қаланың барлық ауданын қамтып, мобильді топтар арқылы жүзеге асырылып жатыр, — делінген хабарламада.
Кәсіпорын өкілдерінің айтуынша, ірі су тұтынушылар ерекше бақылауға алынған. Олардың қатарында моншалар, көлік жуу бекеттері, қоғамдық тамақтану орындары, сауда орталықтары мен өндірістік кәсіпорындар бар. Бұл нысандар үшін суды қайта пайдалану жүйелері мен жергілікті тазарту құрылыстарының болуы міндетті талап ретінде қарастырылған.
Тексеру барысында анықталған заңбұзушылықтар бойынша тиісті шаралар қабылданады. Бұл тұтыну көлемін қайта есептеуден бастап, қызмет көрсетуді шектеу немесе толық тоқтатуға дейінгі тетіктерді қамтиды.
Алғашқы апталардың өзінде жүзден астам заңбұзушылық тіркелген. Ең жиі кездескен деректер:
- келісімшартсыз су пайдалану;
- есептеу құралдарының жұмысына араласу;
- тазартылмаған ағын суларды төгу;
- қоғамдық тамақтану орындарында май ұстағыштардың болмауы.
2026 жылдың бірінші тоқсанында 29 көлік жуу бекеті суды қайта пайдалану жүйесін орнатқан. Сонымен қатар 78 нысан тұрмыстық тарифтен коммерциялық тарифке ауыстырылған. Бұдан бөлек, инженерлік желілерге өз бетінше қосылудың 20-дан астам дерегі анықталған.
