Американың танымал тревел-блогері Коннор Кампергини Қазақстанға сапары кезінде туризм және спорт министрлігіне қатысты наразылығын білдірді. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Оның айтуынша, ресми шақырту алғанына қарамастан, оны елде ешкім қарсы алмаған. Блогер әлеуметтік желідегі Camperghini парақшасында Қазақстан шекарасында түсірілген видеоны жариялап, сапар барысындағы жағдайды баяндаған. Lamborghini Urus көлігін автоүйге айналдырып, әлемді аралап жүрген саяхатшы өзін ерекше қарсы алады деп күткенін жеткізді.
Бірнеше ай бойы жоспар құрып, келісіп келесің. Ал келген күні министрлік бәрін ұмытып кетеді, – деп жазды ол.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Оның сөзіне қарағанда, ол өзін Қырғызстандағыдай ұлттық киімдегі адамдар қарсы алып, арнайы іс-шара ұйымдастырылады деп ойлаған. Алайда шекарада оларды ешкім қарсы алмаған, тіпті елге кіру кезінде тексерістен өткенін айтты.
Осы жағдайға байланысты Қазақстанның туризм және спорт министрлігі блогердің мәлімдемесін жоққа шығарды. Ведомство оның арнайы шақырылғаны туралы ақпарат шындыққа жанаспайтынын мәлімдеп отыр.
Министрлік өкілдерінің айтуынша, ведомство қызметінде жеке тұлғаларды арнайы шақыру қарастырылмаған. Сонымен қатар блогер тарапынан ешқандай ресми өтініш түспеген.
Ал Kazakh Tourism ұлттық компаниясы блогермен алдын ала хат алмасу болғанын растады. Алайда екіжақты келіссөздер нақты келісімге келмей аяқталған.
