Қазақстан әлеуметтік қолдау бойынша Орталық Азияда көш бастады

Қазақстан Орталық Азия елдері арасында халықты әлеуметтік қолдау деңгейі бойынша алдыңғы орында. Елде әлеуметтік төлемдердің көлемі көрші Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстанмен салыстырғанда айтарлықтай жоғары. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Қандай әлеуметтік көмек түрлері көрсетіледі?

Мәселен, Қазақстанда орташа зейнетақы 157 843 теңге болса, Өзбекстан мен Қырғызстанда бұл көрсеткіш шамамен 60 мың теңге деңгейінде, ал Тәжікстанда 22 мың теңгеден асады.

Жүктілік және босану бойынша төлемдер де елімізде әлдеқайда жоғары. Қазақстанда бұл төлем 164 мың теңгеден 1,1 миллион теңгеге дейін жетсе, басқа елдерде ол бірнеше есе төмен.

Сонымен қатар Қазақстанда әлеуметтік төлемдермен қатар, көлік, коммуналдық қызметтер секілді маңызды салалар да субсидияланады. Мысалы, биыл Астанада әлеуметтік маңызы бар бағыттарды қолдауға 62,34 миллиард теңге, ал Алматыда 107,6 миллиард теңге бөлінген.

Жалпы әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерге қарағанда да Қазақстан алда келеді. Елдегі орташа жалақы 473 мың теңгеден асады, ал ең төменгі жалақы 85 мың теңге.

Сонымен бірге Қазақстанда бала тууына, көпбалалы отбасыларға, мүгедектігі бар азаматтарға және жұмыссыз қалғандарға арналған кешенді қолдау жүйесі қалыптасқан.

Сарапшылардың пікірінше, мұндай кең ауқымды әлеуметтік саясат халықтың әл-ауқатын арттыруға және елдегі тұрақтылықты сақтауға бағытталған.