Қаржы министрі Мәди Тәкиев «2026–2028 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасында әлеуметтік салаға бөлінетін қаражат көлемін жариялады.
Министрдің айтуынша, алдағы жылы бюджет әлеуметтік бағдарын сақтайды. 2026 жылы жалпы 10,7 триллион теңге жұмсалады. Оның ішінде 6,8 триллион теңге – әлеуметтік төлемдерге, ал 3,9 триллион теңге – адами капиталды дамытуға бағытталады.
Үкіметтің басты мақсаты – құрылымдық реформалар мен шығыстардың тиімдігін арттыру арқылы халықтың өмір сапасын жақсарту, – деді Мәди Тәкиев мәжілістің жалпы отырысында.
Министрдің сөзіне қарағанда, әлеуметтік саладағы басты басымдықтардың бірі – төлемдерді тағайындаудың цифрлық тетіктерін дамыту. Бұл жүйе адами факторды азайтып, бюрократияны қысқартады және көмек көрсетуді жеделдетеді. 2026 жылы:
- Денсаулық сақтау саласына – 2,7 триллион теңге (былтырғыдан 107 млрд теңгеге көп);
- Білім және ғылым саласына – 902 миллиард теңге;
- Мәдениет, туризм және спорт саласына – 263,5 миллиард теңге бағытталады.
