AI-Sana және AI университет: Саясат Нұрбек президентке есеп берді

Қасым-Жомарт Тоқаев ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбекті қабылдады. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Ақорданың мәліметінше, кездесуде президентке ғылым және жоғары білім салаларындағы стратегиялық бастамалардың жүзеге асырылуы, сонымен қатар ведомство қызметінің негізгі бағыттары туралы баяндалды.

Министр жаңа Конституция аясында білім және ғылым саласының әлеуеті туралы мәлімет беріп, адам капиталын дамытуға бағытталған экожүйе қалыптастыру және таланттарды үздіксіз қолдау тетіктерін таныстырды.

Сонымен бірге еңбек нарығын зерттеу нәтижелері мен 2030 жылға дейінгі мамандарға сұраныс болжамы ұсынылды. Жоғары білімнің қолжетімдігін арттыру, соның ішінде «Келешек» механизмі мен саланы қаржыландырудың жаңа моделін енгізу мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Кездесуде AI-Sana ұлттық қозғалысын ілгерілету және AI-Enabled University жобасын іске қосу жоспарлары таныстырылды. Жаңа форматтағы бұл бастама білім беру мен өндіріс үдерісіне жасанды интеллектіні кеңінен енгізуді көздейді.

Министр сонымен қатар инновациялық кластерлер мен ғылым қалашықтарын құру жоспарын баяндап, DeepTech бағытындағы күрделі өндірістерді дамытуға көшу жұмыстары жүріп жатқанын жеткізді. Бұл ретте жоғары оқу орындары мен өңірлік әкімдіктердің өзара ықпалдастығы ерекше маңызға ие екені атап өтілді.

Аталған механизм аясында ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар жүргізіліп, өнеркәсіптік үлгілер әзірленіп, өндіріс жолға қойылады.

Министрлік тарапынан ғалымдарды қолдау іс-шаралары да жалғасып жатыр. Атап айтқанда, гранттар мен сыйлықтар беру, ғылыми тағылымдамалар ұйымдастыру және жас ғалымдарды тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселелеріне басымдық беріліп жатыр.

Кездесу қорытындысы бойынша мемлекет басшысы жоғары білім сапасын арттыру, ғылыми зерттеулерді дамыту және оларды коммерцияландыру, инновациялық қызметті ынталандыру, сонымен бірге инфрақұрылым мен шетелдік университет филиалдарының жұмысын жетілдіру бойынша бірқатар тапсырма берді.