Ақтауда көпқабатты үй маңына түйе байланып тұрған

Не болды?

Ақтауда тұрғын үйдің жанында бір түйені тұраққа қойғандай байлап қойған. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Мәлімет

Lada өңірлік басылымының мәліметіне қарағанда, Ақтаудың 13-шағынауданында, бес қабатты №2 үйдің жанында түйені газ құбырына байлап кеткен.

Қала әкімдігінің хабарлауынша, мамандар оқиға орнына жедел жеткен. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі мамандары мен учаскелік полиция инспекторлары бірлесіп, жануардың иесін тапты. Иесі жануарды алып кеткен.

Өңірлік полиция департаментінің мәліметінше, мал иесіне ҚР ӘҚБтК-нің 408-бабы (ауыл шаруашылығы жануарларын жаю қағидасын бұзу) бойынша әкімшілік хаттама толтырылған. Оған 3 АЕК (12 975 теңге) көлемінде әкімшілік айыппұл салынады.