12 мың бөтелке жалған алкоголь: Семейде заңсыз цех анықталды

Абай облысында заңсыз алкоголь өндіретін жасырын цехтың қызметі әшкереленді. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Операцияны ҚР қаржылық мониторинг агенттігі Абай облысы бойынша департаменті прокуратураның үйлестіруімен және Семей бойынша мемлекеттік кірістер департаментімен бірлесіп жүргізген.

Тергеу барысында Семей тұрғыны тиісті лицензиясыз алкоголь өндіруді ұйымдастырғаны анықталған. Алкоголь өнімдері әртүрлі орынжайлар мен гараждарда спиртті сумен араластыру арқылы дайындалып, кейін танымал брендтердің атауымен бөтелкелерге құйылған. Өнімді заңды етіп көрсету үшін жалған есепке алу-бақылау маркалары қолданылған.

Тінту кезінде Finsky Ice және «Сибирские морозы» атауларымен 12 мыңнан астам бөтелке дайын өнім, 8 мыңнан астам бос бөтелке, 10 мың литрден астам спирт құрамды сұйықтық, сонымен қатар жалған маркалар мен өндірістік жабдықтар тәркіленді. Сот санкциясымен цех орналасқан жекеменшік үйге және өнімді тасымалдауға пайдаланылған үш автокөлікке тыйым салынды, — делінген хабарламада.

ҚМА мәліметінше, күдіктіге қатысты елден шықпау туралы бұлтартпау шарасы таңдалды. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеп-тексеру жалғасып жатыр.

Агенттік жалған алкоголь өнімдерінің адам өмірі мен денсаулығына айтарлықтай қауіп төндіретінін ескертті. Мұндай өнімдерді тұтыну улануға, ішкі ағзалардың зақымдануына, тіпті өлімге әкелуі мүмкін.

Еске салайық, мәжіліс депутаты Магеррам Магеррамов алкогольді сағат 20:00-ден кейін сатуға тыйым салуды ұсынған болатын.