Қазақстанда пойыз қозғалысы Starlink арқылы реттеледі

Қазақстанда пойыз қозғалысын аралық реттеу үшін Starlink спутниктік жүйесі қолданылады. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

«Қазақстан темір жолы» басқарма төрағасының орынбасары Марат Шәкеновтың айтуынша, «Қарағайлы – Көкпекті» теміржол учаскесінде АЙМАК RAIL пойыздар қозғалысын аралық реттеудің цифрлық жүйесі енгізілген. Жобаны дамыту барысында Starlink спутниктік жүйесі қолданылып отыр.

2025 жылғы желтоқсан айында ұзындығы 247 шақырым болатын учаскеде Starlink арқылы жобаны кеңейту жұмыстары басталған. Бұл шешім теміржолдың өткізу қабілетін арттыруға мүмкіндік береді: бастапқы кезеңде тәулігіне төрт жұп пойызға дейін, ал кейін жеті жұп пойызға дейін жеткізу жоспарланған. Сонымен қатар жүк тасымалы көлемі де артады. Бірінші кезеңде жылына 3 миллион тоннаға дейін, ал екінші кезеңде 5 миллион тоннадан астам жүк тасымалдау көзделіп отыр. Пойыздарды тестілік іске қосу 2026 жылғы сәуір айына жоспарланған, — деді Марат Шәкенов үкімет отырысында.

Бұдан бөлек, салада тағы бір инновациялық жоба жүзеге асырылып жатыр. Атап айтқанда, дизельді қозғалтқыш пен аккумуляторлық батареяларды біріктіретін гибридті маневрлік локомотивтер енгізіледі. Бұл технология отын шығынын азайтып, пайдалану шығындары мен зиянды заттар шығарындыларын шамамен 20% төмендетуге мүмкіндік береді.