Не болды?
Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен салық кодексін енгізу жөніндегі жобалық кеңсенің 10-шы отырысында клиенттер мен сатып алушылар арасындағы есеп айырысуға қатыспайтын, бірақ салық агенттері ретінде әрекет етуге міндетті интернет-платформа операторларының жұмысы талқыланды. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Мәлімет
ҚР премьер-министрінің баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа қарағанда, бүгінде нарықта интернет-платформалар жұмысының екі негізгі моделі жұмыс істейді. Олар: транзакциялық және P2P.
Транзакциялық модельде төлемдер платформа арқылы өтеді. Оператор ақша ағындарын көреді және салық агентінің функцияларын орындайды. P2P моделінде есеп платформаның қатысуынсыз, тапсырыс беруші мен орындаушы арасында тікелей жүреді. Бұл жағдайда оператор төлем көзі емес және салық агентінің функцияларын орындай алмайды.
Бұрынғы салық кодексінде мұндай платформаларға қатысты жеңілдік қарастырылған еді. Алайда жаңа құжатта ол жойылып, енді талап барлығына міндетті.
Бизнес өзін-өзі жұмыспен қамтыған жүргізушілер екінші деңгейдегі банктер арқылы әлеуметтік төлемдерді өз бетінше төлей алатынын атап өтіп, бұрынғы норманы қайтаруды ұсынды. Бұл ретте, бизнесті бағалау бойынша транзакциялық модельге көшу қосымша әлеуметтік төлемдер (жылына шамамен 4%) және банк комиссиялары есебінен көрсетілетін қызметтердің қымбаттауына әкеп соғады.
