Алматыдағы Бағанашыл шағынауданында орналасқан балалар үйіне қатысты қоғамда қызу талқыланған мәселе жалғасып жатыр. Қазіргі уақытта ескі ғимараттардың бір бөлігі бұзылды. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Алматы қалалық білім басқармасының мәліметінше, 2025 жылғы 13 қазанда Integra Construction ЖШС мен қалалық құрылыс басқармасы арасында жаңа нысанды жобалау жөнінде ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылған. Техникалық сараптама нәтижесінде әкімшілік және оқу корпустары, сонымен қатар спорт және акт залдары сейсмикалық талаптарға сай күшейтуге келмейтін нысандар ретінде танылып, оларды толық бұзу туралы шешім қабылданған. Қазіргі уақытта бұл ғимараттарды демонтаждау жұмыстары аяқталған.
Жоба аясында жатақхана корпусын қайта жаңғырту, сонымен бірге жаңа оқу, спорт және әкімшілік ғимараттар мен асхана салу жоспарланып отыр. Құрылысты 2026 жылдың IV тоқсанына дейін аяқтау көзделген.
Еске салайық, нысан бұған дейін де қоғам назарында болған. 2025 жылғы 21 шілдеде әлеуметтік желілерде балалар үйі тәрбиеленушілерін Қонаев қаласына көшіру барысы түсірілген видео тараған еді. Сол кезде бұрынғы балалар омбудсмені Аружан Саин балаларды олардың келісімінсіз көшіру құқықтық тұрғыда даулы екенін айтып, мәселенің қоғамдық сипат алғанын мәлімдеген.
Осылайша, Бағанашылдағы балалар үйіне қатысты жағдай тек құрылыс мәселесімен шектелмей, балалардың құқықтары мен тұрмыс жағдайына қатысты кең қоғамдық талқылауға ұласқан.
