Парламент Алатау қаласы туралы конституциялық заңды қабылдады

Парламент палаталарының бірлескен отырысында «Алатау қаласының арнаулы құқықтық режимі туралы» конституциялық заң екінші оқылымда қабылданды. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Құжат бұған дейін, 20 наурызда, бірінші оқылымда мақұлданған болатын. Нұртай Сабильяновтің айтуынша, екінші оқылымға дейін заң жобасы жан-жақты пысықталып, депутаттар мен комитеттердің ұсыныстары ескерілген.

Заң жобасы жаңа Конституция талаптарына сәйкестендіріліп, атауы нақтыланды. Сонымен қатар Алатаудың арнаулы құқықтық режимінің кейбір нормаларын қала маңындағы аумақтарға да қолдану мүмкіндігі қарастырылды.

Құжатта кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған бірқатар жаңа ұғымдар енгізілді. Атап айтқанда, «бизнес-лицензия», «реттеуші рұқсат», «салықтық преференция» және «Алатау қаласының басым салалары» сияқты түсініктер бекітілді. Бұл құралдар инвесторлар үшін қолайлы жағдай жасап, экономикалық белсенділікті арттыруға бағытталған.

Сонымен бірге инвестициялық жобалар бойынша «қаржылық орнықтылық» пен ашықтық қағидаттары күшейтілді. Инвестициялық міндеттемелер мен берілетін жеңілдіктер туралы ақпарат ашық қолжетімді болады.

Цифрландыруға да ерекше назар аударылған. Қала инфрақұрылымына қатысты барлық деректер – инженерлік, көлік, тұрғын үй-коммуналдық жүйелер және қоғамдық қауіпсіздік мәліметтері – бірыңғай цифрлық платформада жинақталады. Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау да күшейтілді. Енді бизнес субъектілерін тексеруді тек ҚР бас прокуратурасы органдары жүргізе алады. Сонымен қатар бюджет қаражатының жұмсалуына бақылау күшейтіледі. Алатау қаласы әкімшілігінің бюджет игеру туралы есептері жыл сайын жарияланып отырады.

Заңда инклюзивті орта қалыптастыру мәселесі де қамтылған. Ерлан Тұрсынбайұлы Әбдиев ұсынған түзетулерге сәйкес, мүмкіндігі шектеулі азаматтардың қала ішінде еркін қозғалуына жағдай жасау қарастырылған.

Экология мәселелері де назардан тыс қалмаған. Әкімшілік актілер қоршаған ортаны қорғау талаптарын күшейтуді қамтамасыз етуге тиіс.

Парламент қабылдаған заң енді мемлекет басшысының қол қоюына жіберіледі.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Тағы да