Threads-тегі алаяқ: әскерде зорландым деп елден ақша жинаған күдікті ұсталды

Ішкі істер министрлігі Threads әлеуметтік желісінде тараған «әскерде зорландым» деген жазбаның жалған екенін мәлімдеді. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Ведомство дерегінше, бұл оқиға ойдан шығарылып, ақша жинау мақсатында жарияланған.

23 ақпанда белгісіз аккаунт арқылы жарияланған жазбада автор өзін әскерде жыныстық зорлық-зомбылыққа ұшырадым деп таныстырып, қудалаудан қорқатынын айтқан. Ол командирі тарапынан қысым көргенін баяндап, шетелге кету үшін қаржылай көмек сұраған. Жазбада банк реквизиттері де көрсетілген. Алайда қырағы азаматтардың бірі күмәнданып, көрсетілген есепшотты тексеруді сұрап, полицияға жүгінген. Тексеру барысында бұл шот 17 жастағы жасөспірімге тиесілі екені анықталған. Оның айтуынша, хостелде танысқан адам өз есепшоттары бұғатталғанын айтып, ақша қабылдау үшін оның реквизиттерін пайдаланған, — делінген хабарламада.

Полицияның мәліметінше, екі күн ішінде бұл шотқа 100-ден астам аударым түскен. Жедел-іздестіру шаралары нәтижесінде жазба авторы ұсталды.

Тергеу барысында күдіктінің әскери қызметке еш қатысы жоқ екені, яғни әскерде болмағаны белгілі болды. Осы әрекеті арқылы ол жалған ақпарат таратып, әскери қызметтің беделіне нұқсан келтірген. Қазіргі уақытта күдіктіге қатысты алаяқтық және көрінеу жалған ақпарат тарату баптары бойынша қылмыстық іс қозғалды. Ол уақытша ұстау изоляторына қамалып, сот шешімімен тергеу аяқталғанға дейін қамауда болады, — делінген хабарламада.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Тағы да