Қазақстанда қымыз бен шұбат өндірісі төмендеп барады

Қазақстанда кейінгі жылдары қымыз бен шұбат өндірісі айтарлықтай төмендеп барады. Алайда ұлттық сусындарға деген сұраныс жоғары деңгейде сақталып отыр. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Energyprom.kz дерегінше, қымыз өндірісі 2016 жылғы 655 тоннадан 2023 жылы 2,5 мың тоннаға дейін өсіп, кейін күрт төмендеген. 2024 жылы көрсеткіш 1,5 мың тоннаға дейін қысқарса, 2025 жылдың қорытындысы бойынша небәрі 1,1 мың тонна болды.

Шұбат өндірісі де ұқсас динамиканы көрсеткен. 2021 жылы 4,4 мың тонна болған көлем 2025 жылы 1,4 мың тоннаға дейін азайған. Осылайша, нарық қысқа уақыт ішінде өсім кезеңінен айтарлықтай құлдырау кезеңіне өткен.

2026 жылғы қаңтар-ақпан айларындағы көрсеткіштер де тұрақсыздықтың сақталғанын аңғартады. Қымыз өндірісі 215 тонна болып, өткен жылмен салыстырғанда 20,8%-ға артқанымен, 2024 жылғы деңгейден әлі де төмен. Шұбат өндірісі 206 тонна болып, өткен жылдан жоғары болғанымен, бұрынғы көлемдерге жетпеген. Сонымен қатар елде сүт және сүт өнімдеріне деген сұраныс артып келеді. Жан басына шаққандағы тұтыну көлемі 2023 жылғы 227,2 кг-нан 2025 жылы 240,6 кг-ға дейін өскен. Бұл көрсеткіш ет (85,8 кг), жеміс-жидек (83,1 кг) және балықтан (14,9 кг) айтарлықтай жоғары. Бағаға келсек, ашытылған сүт өнімдері қымбаттап жатыр. 2026 жылғы ақпан айында олардың бағасы бір айда 1,9%-ға, ал жылдық есепте 13% өскен. Қымыздың бағасы бір айда 2%-ға, ал жылдық мәнде 14,6% артқан, — делінген хабарламада.

Сарапшылар өндірістің төмендеуі мен бағаның өсуі арасындағы теңгерімсіздік алдағы уақытта нарыққа қосымша қысым түсіруі мүмкін екенін атап өтеді.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Тағы да