Алматыда жаңа гүл композициялары пайда болады

Алматыда гүлзарлар аумағы өткен жылмен салыстырғанда 77%-ға артады. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

2026 жылы Eco Almaty қаланы көгалдандыру және гүлмен безендіру жұмыстарын ауқымды түрде жүргізуді жоспарлап отыр.

Мекеме мәліметінше, биыл қалада 387 мың шаршы метр аумақ гүлмен көмкеріледі. Оның ішінде 107 мың шаршы метрге біржылдық гүлдер, 280 мың шаршы метрге көпжылдық өсімдіктер мен бұталар, ал 116 мың шаршы метр аумаққа раушан гүлдері егіледі.

Айта кетейік, 2025 жылмен салыстырғанда гүлзарлардың жалпы аумағы 77%-ға ұлғаяды. Бұл қаланың экологиялық жағдайын жақсартып, көркін арттыруға бағытталған.

Маусымға дайындық аясында мекеме жергілікті жылыжай иелерімен бірлесіп жұмыс жүргізіп жатыр. Сарапшы-агрономдар Алматының континенттік климатына бейімделген гүл түрлерін іріктеп жатыр. Атап айтқанда, сальвия, тагетес, агератум және альтернантера сияқты ыстыққа төзімді өсімдіктерге басымдық беріледі.

Көктемгі жұмыстар қыс мезгілінен басталып, үздіксіз жалғасады. Дәстүр бойынша көгалдандыру ерте көктемде басталып, Наурыз мейрамы қарсаңында қала примула гүлдерімен безендірілді. Жалпы, маусым бойы Алматының барлық ауданында кілем тәрізді гүл композициялары орнатылып, саябақтар мен скверлердегі гүлзарлар жаңартылып отырады, — делінген хабарламада.