Қазақстанда көктемгі тасқынның алдын алу мақсатында ірі су қоймаларынан су жіберу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Су ресурстары және ирригация министрлігінің мәліметінше, 17 наурыздағы жағдай бойынша, еліміздің бірнеше өңірінде су қоймаларындағы су көлемі реттеліп жатыр.
Ақмола облысы аумағында Сілеті су қоймасынан секундына 1,74 текше метр, ал Шағалалы су қоймасынан 2,31 текше метр су жіберіліп жатыр.
Ақтөбе облысы бойынша Ақтөбе су қоймасынан секундына 1 текше метр және Қарғалы су қоймасынан 0,3 текше метр су ағызылуда. Қазіргі таңда бұл нысандардың орташа толуы 36% болды.
Шығыс Қазақстан облысы өңірінде Бұқтырма су қоймасынан секундына 447 текше метр, ал Өскемен су қоймасынан 419 текше метр су жіберіліп жатыр.
Абай облысы аумағындағы Шүлбі су қоймасынан секундына 651 текше метр су ағызылып жатыр.
Батыс Қазақстан облысы бойынша Киров су қоймасынан секундына 5 текше метр, Бітік су қоймасынан 14 текше метр, ал Дөңгелек және Пятимар су қоймаларынан секундына 2 текше метрден су жіберіліп жатыр.
Қарағанды облысы өңірінде Ынтымақ және Самарқанд су қоймаларынан секундына 3 текше метрден су ағызылып жатыр.
Қостанай облысы аумағында Жоғарғы Тобыл су қоймасынан секундына 1,1 текше метр және Қаратомар су қоймасынан 3 текше метр су жіберіліп жатыр.
Ал Солтүстік Қазақстан облысы бойынша Сергеев су қоймасынан секундына 6,7 текше метр, Петропавл су қоймасынан 13,9 текше метр су ағызылып жатыр.
Министрлік мәліметінше, бұл шаралар тасқын суларын қауіпсіз қабылдап, елді мекендерді су басу қаупін азайтуға бағытталған.
