Қазақстанда 17 мың шақырым электр желісі жаңарады

Қазақстанда биыл 17 мың шақырымнан астам электр беру желілері мен жүздеген энергетикалық нысан жаңартудан өтеді. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Министрліктің Мемлекеттік энергетикалық қадағалау және бақылау комитетінде өңірлік электр желілік компаниялары мен KEGOC АҚ филиалдарының басшыларын тыңдау отырыстары өтті.

Жиын барысында жылыту маусымының өтуі, энергетикалық кәсіпорындардың су тасқыны кезеңіне дайындығы, алдағы жөндеу жұмыстары және келесі жылыту маусымына дайындық мәселелері қаралды.

Энергетикалық ұйымдар электр желілік кешен нысандарының қазіргі жағдайы, тасқын кезеңіне дайындық және жоспарланған жөндеу жұмыстары туралы есеп берді. Сонымен қатар «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы аясындағы жұмыстарға ерекше назар аударылды. Биылғы жоспарға сәйкес, елде 17,1 мың км электр беру желісіне, 444 жоғары кернеулі қосалқы станцияға және 3408 тарату трансформаторлық қосалқы станцияға күрделі жөндеу жүргізіледі, — делінген хабарламада.

Министрлік мәліметінше, бұл іс-шаралар электрмен жабдықтау сенімділігін арттыруға, технологиялық тәуекелдерді азайтуға және күзгі-қысқы кезеңнен тұрақты өтуге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар 2025 жылдың қорытындысы бойынша электр желілерінің тозу деңгейі 67,03%-дан 66,17%-ға дейін төмендеген. Бұл инфрақұрылымды жаңарту жұмыстарының жүйелі түрде жүргізіліп жатқанын көрсетеді. Энергетикалық кәсіпорындарға су тасқыны кезеңіне дайындық аясында авариялық материалдар қорын тексеру, жөндеу жұмыстарын сапалы әрі уақытында орындау және электр желілерін жаңғырту бойынша тапсырмалар берілді, — делінген хабарламада.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Тағы да