Ақылы жол: жүргізушілерге төлем жасауға қосымша уақыт берілді

Қазақстанда ақылы жолмен жүру ақысын төлеу тәртібіне өзгерістер енгізілді. Тиісті бұйрыққа қол қойылды. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Көлік министрлігінің мәліметінше, жаңа өзгерістер жол пайдаланушылар үшін төлем жасау тәртібін жеңілдетіп, икемдірек етуге бағытталған. Сонымен қатар жолақысын уақытында төлемеген жүргізушілерді әкімшілік жауапкершілікке тарту жағдайларын азайту көзделіп отыр.

30 күн ішінде төлеуге болады

Бұған дейін қолданыста болған нормаға сәйкес, жүргізуші жолақысын жеті күнтізбелік күн ішінде төлемеген жағдайда, сегізінші күні материалдар Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекс бойынша қарау үшін көліктік бақылау органдарына жіберілетін. Енді жаңа тәртіп бойынша, жеке тұлғалар жол жүрген күннен бастап 30 күнтізбелік күн ішінде төлем жасай алады. Егер осы мерзімде төлем жасалмаса, материалдар 31-ші күні тиісті органдарға жолданады.

Сонымен қатар алғаш рет жеке және заңды тұлғалар үшін бөлек тәртіп енгізілді. Егер заңды тұлғалар есепті айдан кейінгі айдың 20-сына дейін төлем жасамаса, материалдар келесі күні көліктік бақылау органдарына жіберіледі.

Аталған өзгерістер республикалық маңызы бар ақылы жол учаскелерін пайдаланатын жүргізушілерге қосымша уақыт беруді көздейді. Құжат алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап 10 күнтізбелік күн өткен соң күшіне енеді.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Тағы да