29 қаңтардан бастап Қазақстандағы 14 ақылы автожолдың ақауы бар учаскелері үшін төлем алынбайды. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
QazAvtoJol ұлттық компаниясының мәліметінше, енді жүргізушілер тек талапқа сай және қауіпсіз жол бөліктері үшін ғана ақы төлейді. Ақаулы учаскелер толық жөнделгенге дейін тарифке енгізілмейді. Мысалы, Астана – Теміртау бағыты бойынша жеңіл көлік үшін төлем 410 теңгеден 360 теңгеге дейін төмендейді.
Уақытша өзгертілген тарифтер жол-құрылыс маусымы басталып, ақаулар толық жойылғанға дейін сақталады. Жөндеу жұмыстары биыл қолға алынады.
Төлем қайта есептелетін жолдар қатарында:
Көкшетау – Петропавл, Павлодар – Семей – Қалбатау, Павлодар – Омбы, Астана – Теміртау, Алматы – Қонаев, Қонаев – Талдықорған, Шымкент – Қызылорда, Орал – Самара, Орал – Саратов, Астана – Павлодар, Қызылорда – Арал, Ақтөбе – Орынбор, Қостанай – Троицк, Тараз – Қайнар бағыттары бар.
Айта кетейік, жүргізушілерге ешқайда барып өтініш жазудың қажеті жоқ — төлем жүйесі тарифті автоматты түрде қайта есептейді.
