Шымкентте азаматтар референдумға белсенді қатысып жатыр. Дауыс беру учаскелерінің шыға берісінде сауалнама жүргізуге құқылы «Қоғамдық саясат институтының» маманы Нүркен Әбдірайым осылай дейді.
Сөзінше, Шымкенттегі /286 дауыс беру учаскесінде референдум басталғалы кісі қарасы үзілмеген. Ол жерде мамандар дауыс беріп шыққан азаматтарға «Сіз Қазақстанның жаңа Конституциясын қабылдау мәселесі бойынша қалай дауыс бердіңіз?» деген бір ғана сұрақ қояды. Берген жауапты әрі қарай институттың QSI арнайы қосымшасына енгізеді.
«QSI қосымшасында дауыс берушілердің жеке деректері көрсетілмейді. Дауыс беруге барған адамдардың аты-жөнін сұрамаймыз, байланыс нөмірін көрсетпейміз – барлық дерек құпия сақталады. Азаматтардың «иә» не «жоқ» деген жауабын негізге аламыз. Алған ақпаратты орталық кеңсеге жібереміз. Азаматтардың атын атамағандықтан, нөмірлеп қоямыз. Яғни, «бірінші дауыс беруші», «екінші дауыс беруші» деген рет сақталады», — дейді Нүркен Әбдірайым.
Айтуынша, дауыс беруге әртүрлі жастағы азаматтар келіп жатыр. Институт мамандары сауал салу барысында азаматтардың жынысы мен жасына назар аудармайды.
«Азаматтар бүгін өте белсенді. Көтеріңкі көңіл күймен келіп, дауыс беріп жатыр. Дұрыс таңдау жасағанына сенімді екені байқалады. Демалыс екеніне қарамастан, уақыт тауып келгені референдумға жауапкершілікпен қарайтынын көрсетеді. Олар өздерінің және балаларының болашағы үшін дауыс беріп жатыр. Кейбірі дауыс беру учаскесіне балаларымен бірге келіп жатыр. Олар елдің болашағына, саяси өміріне қатысу мәдениетін қалыптастырып жатыр деп айтуға болады», — дейді ол.
Айта кетейік, референдумның алдын ала нәтижесі (exit poll) 16 наурыз сағат 00:00-ден кейін жарияланады.
