Кейінгі жылдары елімізде әлеуметтік жобалар көбейіп келеді. Солардың бірі – ерекше қажеттігі бар адамдарды жұмысқа тартып, қоғамдағы көзқарасты өзгертуге бағытталған Künde инклюзивті кофеханасы. Бұл бастаманың негізгі мақсаты – мүгедектігі бар жандарға жұмыс беріп, қоғамдағы адамдардың бір-біріне деген қарым-қатынасын өзгерту.
Инклюзивті кофехана – әр адамның мүмкіндігі басқалармен тең екенін көрсететін әлеуметтік кеңістік. Мұнда ментал немесе дене ерекшеліктері бар адамдар бариста, кассир немесе басқа да қызметкер болып жұмыс істейді. Олар арнайы оқудан өтіп, кәсіби дағдыларды меңгереді. Осылайша, олар өзін қоғамның толық мүшесі ретінде сезініп, жұмыс істей алады.
Künde кофеханасы:
- Астана қаласында Назарбаев университетінде;
- Алматы қаласында Абылайхан көшесі, 79-үйде және Байзақов көшесі 303-үйде орналасқан.

Künde жобасының авторы Мәулен Ахметовтың айтуынша, басты мақсат – қоғамдағы таптаурындарды жою. Олар адамның адамға деген қарым-қатынасын өзгерткісі келеді. Көп жағдайда мүгедектігі бар адамдар тек көмекке мұқтаж жан сияқты қабылданады. Ал инклюзивті кофехана олардың да еңбек етіп, өз қабілетін көрсете алатынын дәлелдеуді көздейді.
Кофеханаға келген қонақтар да бұл бастаманы жылы қабылдап, қолдап жүр. Инклюзивті кофехананың жұмысының мәні қоғам үшін аса көп. Өйткені мұндай жобалар адамдарды мейірімге, түсінісуге және бір-біріне құрметпен қарауға үйретеді.
