«Оян» театры — белсенді жастардың басын қосқан орта

Театр – қоғамның айнасы, ой салатын, сананы серпілтетін өнер алаңы. Әсіресе жастар театры заманының мәселесін ашық көтереді. Осындай мақсатты көздейтін шығармашылық ұжымдардың бірі — Сүлеймен Демирел университетіндегі «Оян» жастар театры.
"Оян" студенттер театры
Фото: «Оян» студенттер театры

«Оян» студенттер театры 2023 жылы құрылған. Мақсаты – талантты студенттердің басын құрап, ұлт мүддесіне үлес қосу. Театр бүгінге дейін республикалық екі бірдей байқауда бақ сынап үлгерді. Семейде өтетін дәстүрлі театрлар байқауында «Ең үздік әйел адам бейнесі» номинациясын қанжығалады. Бүл номинацияны қойылымдағы бас кейіпкер, «Әлди» рөлін сомдаған театр актрисасы Гүлсая Өміртай жеңіп алды.

"Оян" студенттер театры. Гүлсая Өміртай
Фото: Гүлсая Өміртай, «Оян» студенттер театры

Араға жыл салып Алматыда «Адал азамат — ел тірегі» қағидасы аясында республикалық «Студент және сахна – IV» студенттер театрлары байқауы өтті. Ол жерде «Оян» театры авторлық «Құр-Сау» қойылымыммен І орын алды.

Жастардың еңбекқорлығы, қоғамдағы әйел мен анаға қатысты мәселелерді, әлеуметтік қиындықтарды, ұлт мүддесі тақырыбын ашық көтеретіні көп арасында жоғары бағаланып жүр. Театр актерларының айтуына қарағанда, лебіз білдіргендердің ішіндегі ең орасаны, профессор, абайтанушы Береке Жұмакееваның «Құр-Сау» қойылымына жазған рецензиясы болыпты.

«Құр-Сау» қойылымының авторы — театр мүшесі Жалғас Серікболұлы. Оның айтуына қарағанда, өзі бұрыннан пьеса жазып көргісі келген екен. Сол ой театрға келгенде күшейіп, қарқын алған. Қолқа салған достардың пейілімен жаңа туынды дүниеге келген.

Шындықты жазғым келеді. Себебі театр – адал өнер. Онда оқылатын диалог пен монологтың қаңқасы ақиқаттан болса, өнер өлмейді. Қоғамда түрлі мәселе бар ғой. Соны беру керек. Жасқанбау керек. Себебі ықыласты көрермен алдымен өнерді сүю үшін, одан соң, ойға ой түю үшін келеді. «Театр көбейсе, түрме азаяды» деп Шерхан атамыз бекер айтпаса керек-ті, — дейді Жалғас Серікболұлы.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Тағы да