Енді құжаттарды ХҚКО-дағы постаматтан кез келген уақытта алып кетуге болады

Не болды?

Қазақстанда құжат рәсімдеп жатқанда постаматтан алып кету тәсілін таңдап, кейін құжат дайын болғанда тәуліктің кез келген уағында ХҚКО-дағы постаматтан алып кетуге болады. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Мәлімет

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының мәліметі бойынша, еліміздің 10 өңірінде жалпы 14 құрылғы орнатылған. Постамат арқылы 19 құжат түрін алуға болады. Оның ішінде туу туралы, неке қию, некені бұзу туралы және қайтыс болғанын растайтын куәліктердің көшірмесі, архив анықтамалары, аттестат пен дипломның түпнұсқалары бар.

Құжатты қалай аламыз?

Құжат дайын болған кезде телефонға хабарлама келеді. Хабарламадағы код арқылы постамат ұяшығы ашылады. Құжатты дайын болған сәттен бастап үш күн ішінде алып кету қажет. Құжатты үш күнде алмасаңыз, стандарт тәртіп бойынша беруге қайтарылады.

Қызмет құны қанша?

Биыл постаматтан құжат алу үшін 518 теңге төлеу қажет. 2025 жылы бұл қызмет құны 500 теңге болған.

Постамат орнатылған ХҚКО мекенжайы:

  • Астанада Керей, Жәнібек хандар көшесі, 4;
  • Астанада Республика даңғылы, 43;
  • Алматыда (Медеу ауданы) Марков көшесі, 44;
  • Алматыда (Әуезов ауданы) Жандосов көшесі, 51;
  • Алматыда (Алатау ауданы) Нұркент ықшамауданы, 5/17;
  • Шымкентте (Әл-Фараби ауданы) Жангелдин көшесі, 13А;
  • Шымкентте (Қаратау ауданы) Төлеметов көшесі, 35;
  • Таразда Төле би даңғылы, 89Г;
  • Қордай ауданында Батыс тұрғын алабы, 25;
  • Қарағандыда Шахтерлер даңғылы, 5/2;
  • Қызылордада Астана даңғылы, 46;
  • Павлодарда Павлов көшесі, 48;
  • Түркістанда 160 квартал, 236-ғимарат;
  • Семейде Папанин көшесі, 34А

Контекст

Естеріңізге салайық, ХҚКО-дағы құжатты курьермен үйге алдыруға болады.

Былтыр туу туралы куәлікті ХҚКО-ға бармай-ақ, Kaspi Bank постаматтары арқылы алу жоспарланды.