Не болды?
«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы Халыққа қызмет көрсету орталықтарындағы дайын құжатты клиент көрсеткен мекенжайға жеткізу қызметін енгізді.
Мәлімет
Қызмет мемлекеттік корпорацияның офистерінде көрсетіледі. Енді мемлекеттік қызметке өтініш берген кезде ХҚКО қызметкері дайын құжатты көрсетілген мекенжайға жеткізуді ұсынады. Ол үшін жеткізу мекенжайын көрсету және қызмет құнын банк қолданбасы арқылы QR-кодпен төлеу қажет.
Астана, Алматы және Шымкент қалаларында қызмет құны – 1 990 теңге, ал өңірлік бөлімшелерде – 1000 теңге.
15 түрлі құжатты жеткізеді:
- баланың туу туралы куәлігі;
- неке бұзу туралы куәлік;
- туу, неке қию, неке бұзу, өлім туралы қайталама куәліктер мен мұрағаттық анықтамалар;
- білім туралы құжаттардың дубликаттары;
- азаматтық хал актілерін қалпына келтіру;
- ресми құжаттарды апостильдеу және тағы басқа.
Қалай тапсырыс береміз?
Құжат жеткізуді тек ХҚКО өтініш берген кезде ғана рәсімдеуге болады. Құжат дайын болғанда азаматқа 1414 нөмірінен бірегей коды бар SMS-хабарлама жіберіледі. Кейін курьер құжатты жеткізу уақытын нақтылау үшін клиентке хабарласады. Жеткізу кезінде курьер құжат иесін жеке куәлік және растау коды арқылы сәйкестендіреді.
Құжатты жеткізу мәртебесін «ХҚКО» мобайл қолданбасы (App Store/Google Play) арқылы «Құжаттарды жеткізу» бөлімінен бақылауға болады. Қолданбаға ЖСН мен телефон нөмірі арқылы кіре алады.
