Мазмұнға өту
Басты бет / Push /

Таразда «өлді» деген зейнеткер тірі болып шықты

Фото: IMAGO
Жамбыл облысында қайтыс болды деп танылған зейнеткер тірі болып шықты. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Зейнеткер әйел 2024 жылғы тамызда әпкесімен бірге тұру үшін Таразға барған. 2025 жылы Құрбан айт мерекесінен кейін ол із-түзсіз жоғалып кеткен. Бұл туралы полицияға оның әпкесі хабарлаған.

2025 жылғы тамызда ауыл маңындағы өрістен мәйіт табылып, марқұмды жоғалған адамның ұлы таныған. Соның негізінде қайтыс болғаны туралы куәлік берілген. Алайда осы жылдың қыркүйегінде өлді деп танылған зейнеткер Қостөбе ауылына, ағасының үйіне келген, — делінген хабарламада.

Сот мәліметінше, Құрбан айттан кейін ол Айша бибі ауылына барып, пияз жинау жұмысына орналасқан. Сол жерде бірге жұмыс істеген әйелдің үйінде тұрған. Кейін зейнетақы төлемдері тоқтатылған соң, себебін анықтау үшін Таразға барып, өзін қайтыс болды деп танығанын білген.

Жамбыл аудандық соты шешімімен өлім туралы куәлік жарамсыз деп танылып, тиісті акт жазбасы жойылды. Ал табылған мәйіттің басқа адамға тиесілі екені анықталды. Полиция эксгумация жүргізіп, марқұмның жеке басын анықтағаннан кейін қылмыстық іс тоқтатылған.

Мақалаға реакция