Қазақстанда тері мен жүнді қайта өңдеу бойынша өндірістік қуаттар кезең-кезеңімен қалпына келтіріледі. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровтың мәліметінше, өткен жылы бірқатар ірі нысан пайдалануға берілген. Атап айтқанда, Қазфельтек жобасы (Ақтөбе қаласы, жылдық қуаты 2,2 мың тонна жүн өңдеу) және Ақмола облысындағы Агро Протеин жобасы (жылына 2,4 мың тонна жемшөп қоспаларын өндіру).
Саланы одан әрі дамыту мақсатында 9,9 миллиард теңгеге сегіз инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр. Олар қосымша 1,3 миллион тонна өңдеу қуатын іске қосады, — деді министр үкімет отырысында.
Сапаровтың сөзіне қарағанда, жаңа бастамалардың қатарында Тараз Желатин, ЭКО Клаб, Искефе Холдинг және КазЖелатин жобалары бар. Бұл кәсіпорындар тері мен жанама өнімдерді терең өңдеуге бағытталған.
Аталған жобаларды іске асыру нәтижесінде тағамдық желатин мен жемдік қоспалар өндірісі ұлғайып, шикізат шығыны азаяды деп күтіліп жатыр.
