Оқушыларға телефон ұстауға толық тыйым салынуы мүмкін

Қазақстанда оқушыларға ұялы телефон пайдалануға қатысты талаптар күшеюі ықтимал. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Мұндай түзету Педагог мәртебесі мен білім беру мәселелері жөніндегі заң жобасында қарастырылған.

Қазіргі қолданыстағы норма бойынша, оқушыға сабақ кезінде смартфон қолдануға тыйым салынады. Ал үзіліс уақытында гаджетті пайдалануға рұқсат етіледі. Сонымен қатар, оқу процесіне қажет болса, мұғалімнің шешімімен телефон қолдануға мүмкіндік бар. Бұл талап 2024 жылдың басында енгізілген еді.

Алайда заң жобасының салыстырмалы кестесінде бұл норма алынып тасталуы мүмкін екені көрсетілген. Оқушылардың гаджеттерді пайдалану тәртібін белгілеу құзыреті білім беру саласындағы уәкілетті органға берілуі ықтимал. Бұл орган ретінде Қазақстан Республикасы оқу-ағарту министрлігі немесе өңірлік білім басқармалары белгіленуі мүмкін.

Депутаттар «Білім туралы» заңның 47-бабын мынадай редакцияда ұсынып жатыр:

Білім беру саласындағы уәкілетті орган бекіткен орта білім беру ұйымдарында білім алушылар мен тәрбиеленушілердің ұялы байланыстың абоненттік құрылғыларын пайдалану қағидаларында көзделген жағдайларды қоспағанда, орта білім беру ұйымдарында білім алушылар мен тәрбиеленушілердің оқу процесі кезінде ұялы байланыстың абоненттік құрылғыларын пайдалануына жол берілмейді, – делінген заң жобасында.

Негіздемеде бұл шектеу тек оқу уақытында ғана емес, үзіліс кезінде де қолданылуы мүмкін екені айтылады. Бұл кибербуллиң пен деструктивті контент тәуекелдерін азайтуға, мектептердегі тәртіп пен қауіпсіздікті нығайтуға, оқушылардың жанды қарым-қатынасын арттыруға және салауатты білім беру ортасын қалыптастыруға бағытталған.

Әзірге нақты шешім қабылданған жоқ. Заң жобасы мәжілісте қаралады деп жоспарланып отыр.