Ауа райының қолайсыздығына байланысты ел аумағындағы бірқатар республикалық маңызы бар автожолда көлік қозғалысы уақытша шектелді. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
«ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының мәліметінше, қар, боран, көктайғақ және желдің күшеюіне байланысты Павлодар, Ақмола, Қарағанды, Ақтөбе, Қызылорда, Ұлытау, Жетісу, Абай және Шығыс Қазақстан облыстарындағы ондаған жол учаскесінде барлық көлік түрі үшін қозғалыс тоқтатылды. Шектеу ірі халықаралық және республикалық трассаларды қамтып отыр.
Сонымен қатар «Астана – Шідерті – Павлодар – Успенка – РФ шекарасы» автожолындағы көпір өткелінің шеткі арқалықтары зақымдануына байланысты «Қалқаман» жол айрығы учаскесі, Қалқаман ауылына кіреберіс және Астана бағытына шығатын жол толық жабылды.
Ал Шығыс Қазақстан облысындағы Осинов асуында тіркемесі бар және жартылай тіркемелі жүк көліктерінің қозғалысына шектеу енгізілді. Бұл шектеу «Өскемен – Алтай – Катонқарағай – Рахман қайнары» автожолының 46–66 шақырым аралығында қыс мезгілі аяқталғанша сақталады.
«ҚазАвтоЖол» өкілдері жүргізушілерді жолға шықпас бұрын ауа райы мен жол жағдайын нақтылап алуға, алыс сапарларды кейінге қалдыруға және қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға шақырды.
