Алматыда тәулік бойы қызмет көрсететін кітапханалар желісі кеңейіп келеді. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Баспасөз қызметінің мәліметінше, бұл бастама мемлекет басшысының қаланы «ешқашан ұйықтамайтын» мегаполиске айналдыру жөніндегі тапсырмасы аясында жүзеге асырылып жатыр.
Ақпан айынан бастап тағы екі қалалық кітапхана — Әуезов ауданындағы Қазақстан жазушылары кітапханасы мен Бостандық ауданындағы Алматы кітапханаларының филиалы 24/7 режимінде жұмыс істей бастады. Осылайша, Алматыда тәулік бойы ашық кітапханалар саны бесеуге жетті. Бұған дейін Жамбыл атындағы қалалық жасөспірімдер кітапханасы, Alatau Creative Hub орталығы және Мұхтар Әуезов атындағы кітапхана тәулік бойы қызмет көрсету форматына көшкен болатын. Қазақстан жазушылары кітапханасы Алматы қаласының 11-шағынауданында, Алтынсарин даңғылы бойындағы №37 үйде орналасқан. Алматы кітапханаларының Бостандық ауданындағы филиалы Розыбакиев көшесі, 247 үй, 7-блок мекенжайында орналасқан, — делінген әкімдіктің хабарламасында.
Қазір Алматыда 30 қалалық кітапхана жұмыс істейді. 24/7 форматты кеңейту — кітапхана желісін жаңғырту мен мегаполистің мәдени ортасын дамытуға бағытталған кешенді бағдарламаның бір бөлігі.
