Студенттер әскери кафедраға өтінішті онлайн бере алады

2026 жылғы ақпан айынан бастап студенттер әскери кафедраға оқуға түсуге өтінішті eGov.kz порталы арқылы онлайн форматта бере алады. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Әскери кафедраға күндізгі бөлімде оқитын бакалавриат студенттері 1 ақпан мен 30 қыркүйек аралығында өтініш тапсыра алады. Жүйе алдымен үміткер туралы психоневрологиялық, наркологиялық және туберкулез диспансерлері бойынша, сонымен қатар мүгедектігінің және соттылығының бар-жоғына қатысты мәліметтерді автоматты түрде тексереді. Жеке басын куәландыратын деректер мен білім туралы мәліметтер де мемлекеттік ақпараттық базалардан алынады. Өтінішті қарау мерзімі — бес жұмыс күні, — делінген «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ хабарламасында.

Қызметті пайдалану тәртібі:

  • eGov.kz порталында авторизациядан өтіп, «Басты бет» – «Азаматтарға» – «Әскери есеп және қауіпсіздік» – «Әскери қызмет» бөлімдеріне өту;
  • «Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымында әскери кафедраға оқуға түсу үшін өтініштерді қабылдау» қызметін таңдап, «Онлайн сұрау» батырмасын басу;
  • қажет деректерді толтырып, әскери кафедра мен оқу бағдарламасын таңдау;
  • дербес деректерді пайдалануға келісім беру;
  • сұранысты қол қоюдың қолжетімді тәсілдерінің бірімен растау.

Ал өтініштің қарау нәтижесі пайдаланушының жеке кабинетінде «Қызметтерді алу тарихы» бөлімінде қолжетімді болады. Оң шешім қабылданған жағдайда өтініш берушіге уәкілетті тұлғаның электрон цифрлық қолтаңбасымен расталған электрон құжат ұсынылады. Бас тартылған жағдайда себептері көрсетілген дәлелді хабарлама жіберіледі, — дейді мамандар.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Тағы да