Қазақстанда балаларға әлеуметтік желіге кіруге тыйым салынуы мүмкін

Не болды?

Биыл мәдениет министрлігі 16 жасқа дейінгі балаларға әлеуметтік желіге кіруге тыйым салу туралы заң енгізуді жоспарлап отыр. Бұл туралы BesMedia жазып отыр.

Мәлімет

Министрлік «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне онлайн-платформалар мен масс-медиа мәселелері бойынша өзгеріс пен толықтыру енгізу туралы» заң жобасы аясында 16 жасқа дейінгі қолданушыларды онлайн қолданбаларда тіркеуге тыйым салуды ұсынды.

Тек әлеуметтік желілерге тыйым салынады. WhatsApp, Telegram сияқты жедел хабар алмасу сервистеріне шектеу қойылмайды.

Халықаралық тәжірибені зерттеу

Мәдениет министрлігі осы сияқты нормалар енген елдердің тәжірибесін зерттеп жатыр. Әлемде алғаш болып 16 жасқа дейінгі балаларға әлеуметтік желілерге кіруге заң жүзінде тыйым салған мемлекет — Аустралия.

Бірқатар еуропа елдерінде де осындай шектеу бар. Франция парламентінің төменгі палатасы 15 жасқа дейінгі балаларға әлеуметтік желі қолдануды шектеу туралы заң жобасын қабылдаған. Бұл заң мектеп аумағында жасөспірімге ұялы телефон қолдануға да тыйым салады.

Қашан қабылданады?

Біздің елімізде бұл заң жобасы 2025 жылғы 4–29 желтоқсан аралығында «Ашық НҚА» интернет-порталында қоғамдық талқылауға шығарылған. Қазіргі уақытта министрлік басқа да мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, заңды қабылдауға қажет соңғы жұмыстарды істеп жатыр.

Министр не дейді?

Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменованың айтуына қарағанда, балаларды заңға қайшы контенттен қорғау үшін көптеген ел қолданатын түрлі тәсіл бар. Олар ата-аналармен, мұғалімдермен және БАҚ өкілдерімен бірге талқыланады.

Алғашқы кезеңде балаларға арналған SIM-карталарды тіркеу жоспарланып отыр. Кейін 14 жасқа дейінгі балаларға қатысты қосымша шектеу қарастырылуы мүмкін.

Контекст

Естеріңізге салайық, былтыр парламент оқушыға сабақ үстінде телефон ұстауға болмайтыны туралы заңды мақұлдаған еді.

Одан кейін президент заңға қол қойып, оқушыларға сабақ кезінде смартфон ұстауға тыйым салынды.