Мазмұнға өту
Басты бет / Жаңалықтар /

Телефон қараған оқушының ата-анасы айыппұл төлейді

Фото: БҚО әкімдігі

Не болды?

Оқушылар сабақта телефон қолданса, олардың ата-анасы айыппұл төлеуі мүмкін. Бұл туралы оқу-ағарту бірінші вице-министрі Майра Мелдебекова мәлімдеді.

Мәлімет

Бұл норма «Білім туралы» заңда көрсетілген.

Оқушы оқу процесінде телефон қолданса, әкімшілік кодекстің 409-бабы (Қазақстанның білім беру саласындағы заңнамасын бұзу) бойынша шара қолданылады. Бұл – ата-ананың жауапкершілігіне қатысты жалпы бап. Алғаш рет міндетті түрде ескерту беріледі, ал кейін 5 АЕК айыппұл салынады (бұл — 2025 жылы 19 660 теңге), – деді Майра Мелдебекова Сенат кулуарында.

Қазақстанда сабақ кезінде смартфон қолдануға 2024 жылы тыйым салынған. Оқушыларға телефонды мектепке алып келуге рұқсат, бірақ сабақ үстінде және үзілісте қолдануға болмайды. Тек шұғыл жағдайда немесе мұғалім оқу мақсатында рұқсат берсе қолдануға болады. Сабақ кезінде телефонды сөмкеде немесе арнайы жәшіктерде сақтаған дұрыс. Әр мектеп сақтау тәртібін өзі бекітеді.

Білім беру ұйымдарында оқу процесі кезінде ұялы телефондарды қолдануға тыйым салу мынадай себептерге байланысты енгізілді: оқушылардың денсаулығын сақтау, сабақтағы алаңдататын факторды азайту, зейінді арттыру, басқа балалармен шынайы қарым-қатынас орнату, гаджетке тәуелді болуды азайту, онлайн-буллиңнің алдын алу, – деді вице-министр.

Контекст

Естеріңізге салайық, былтыр парламент оқушыға сабақ үстінде телефон ұстауға болмайтыны туралы заңды мақұлдаған еді.

Одан кейін президент заңға қол қойып, оқушыларға сабақ кезінде смартфон ұстауға тыйым салынды.