Темірлан Анарбеков «Қайратпен» келісімшарт мерзімін ұзартты

«Қайрат» футбол клубы қақпашы Темірлан Анарбековпен келісімшарт мерзімін ұзартты. Жаңа келісім 2028 жылғы 30 қарашаға дейін күшінде болады.

Бұл туралы клубтың баспасөз қызметі хабарлап отыр.

Темірлан Анарбеков 2003 жылғы 14 қарашада Атырау қаласында дүниеге келген. Ол 2017 жылғы қарашадан бастап «Қайрат» академиясында тәрбиеленіп, клуб жүйесінен өтті. 2020 жылы қақпашы Қазақстан премьер-лигасында «Таразға» қарсы матчта алғашқы ойынын өткізді.

Өткен жаз қазақстандық жанкүйерлер үшін тарихи сәттерге толы болды. УЕФА чемпиондар лигасының плей-офф кезеңінде «Селтикке» қарсы матчта (0:0) Темірлан Анарбеков пенальти сериясында үш соққыны қайтарып, «Қайратты» алғаш рет турнирдің элиталық кезеңіне алып шықты.

«Қайраттың» «Ақтөбеге» қарсы ойынында Темірлан Анарбеков ауыр жарақат алып, алаңды  тастап кеткен болатын. Дәрігерлер қақпашының жақ сүйегінің сынғанын анықтады.

Айта кетейік, Темірлан Анарбеков – УЕФА чемпиондар лигасында MVP (ең үздік ойыншы) атағын жеңіп алған алғашқы қазақ футболшы.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Тағы да