«Заңсыз әрекетті тоқтаттым». Серік Сәпиев мәлімдеме жасады

Қарағанды облысы дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Серік Сәпиев орынбасары Дәурен Есімхановпен байланысты даулы жағдайға қатысты түсініктеме берді.

Спорт саласының басшысы бұл оқиғаның жеке немесе тұрмыстағы жанжалға еш қатысы жоқ екенін атап өтті. Оның айтуынша, мәселенің түп-төркіні аймақтағы спорт жүйесінде заңсыз әрекеттерге баруға ұмтылған белгілі бір ықпалды топтардың қарсылығынан туындаған.

Аймақта жасырын ықпалы бар кейбір адамдар тарапынан қарсылыққа тап болдым. Облыстық спорт ұйымдарының басшыларын заңсыз ротациялауға әрекет жасалып, оған менің орынбасарым да қатысқан. Мен бұл заңсыз әрекеттерді тоқтаттым, соның салдары осы жағдайға әкелді, – деді Серік Сәпиев.

 

Посмотреть эту публикацию в Instagram

 

Публикация от Серик Сапиев (@serik_sapiyev)

Ол қоғам тарапынан көрсетілген қолдау үшін алғыс айтып, халықтың сенімі өзіне үлкен жауапкершілік жүктейтінін жеткізді. Сонымен қатар мемлекет басшысы айқындаған қазақстандық спортты жаңғырту мен жүйелі реформаларды жүзеге асыру жолынан таймайтынын мәлімдеді.

Ашық мәлімдеймін: мемлекет басшысы айтқандай, қазақстандық спорттағы жүйелі реформаларды жүзеге асыру жолындағы мұндай арандатушылықтар біздің шешімімізді шайқалтпайды, – деп түйіндеді ол.

Еске салайық, 23 қаңтарда олимпиада чемпионы, Қарағанды облысы дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Серік Сәпиевті орынбасары Дәурен Есімхан ұрып жібергені туралы ақпарат тараған.

Кейін Қарағанды облыстық полиция департаменті бұл ақпаратты растады. Дәурен Есімханның үстінен «Денсаулыққа қасақана зиян келтіру» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған.

Оқиғадан кейін, боксшы әлеуметтік желіде тарап жатқан жағдайға байланысты түсініктеме беріп, мемлекеттік қызметкер ретінде әдеп қағидатын қатаң сақтайтынын айтқан.