Көкшетауда ірі жол апаты: жолаушылар ауруханаға жеткізілді

Көкшетауда Toyota Land Cruiser 200 маркалы автокөлік жол-көлік оқиғасына ұшырады. Бұл туралы қалалық ПД хабарлап отыр.

Көкшетау қалалық полиция басқармасының мәліметінше, жол апаты 28 желтоқсанда Жағалау көшесінде, Әуезов көшесінің қарсы бетінде болған. Toyota Land Cruiser маркалы автокөліктің жүргізушісі көлікті басқара алмай, жолдың металл қоршауына және көше жарығына арналған металл тірекке соғылған.

Жол-көлік оқиғасы салдарынан автокөлікте болған үш жолаушы медициналық мекемеге жеткізілді. Дәрігерлердің тексеруінен кейін олардың барлығы үйіне жіберілген.

Полицияның хабарлауынша, жол апатына кінәлі тұлға Қазақстан Республикасы әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 610-бабының 1-бөлігіне сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылды.