Алғабастағы өрттен аман қалған 2 адам арнайы орталықтан шықты

Алғабастағы өрттен аман қалған 2 адам Шымкенттегі арнайы орталықтан шықты. Бұл туралы Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасына сүйенген Kursiv Media жазып отыр.

Түркістан облысы, Жетісай ауданы, Алғабас ауылында болған өрттен аман қалған екі адам Шымкенттегі арнайы орталықтан шығарылып, Шардара аудандық ауруханасына жатқызылған.

Екі пациент күйік жарақатынан кейін қажет ем қабылдап жатыр. Емдеу бекітілген хаттамаға сәйкес жалғасып жатыр. Науқастардың жағдайы дәрігерлердің бақылауында, – делінген хабарламада.

Естеріңізге сала кетейік, 8 қарашада Түркістан облысы, Жетісай ауданы, Алғабас ауылында екі қабатты тұрғын үйден өрт шығып, 12 адам мерт болған. Олардың тоғызы – бала.

Өрттен 3 адам аман қалған. 1 желтоқсанда өрттен аман қалған 7 жастағы қыз қайтыс болғаны белгілі болды. Ол аман қалған ерлі-зайыптының қызы болатын.