Елімізде «Байтақ» жасылдар партиясының бастамасымен «Ұлы даланың жасыл елшісі» деген республикалық экологиялық велошеру ұйымдастырылды. Велошеру төрт айға созылып, кеше, 2 желтоқсан күні мәресіне жетті. Идея авторы, елімізді велоспипедпен аралаған Сапар Аманжолұлы Baribar.kz тілшісіне сұхбат берді.
Сапар Аманжолұлы — BAYTAQ жасылдар партиясы төрағасының идеология жөніндегі орынбасары. Партия қызметіне дейін IT маманы болған. Велосипед тебу — хоббиі ғана.

Мәлімет
Сапар Аманжолұлы велосипедпен 12 000 — 16 000 шақырым (Өзі қанша жол жүргенін есептемеген. GPS арқылы бақылағандар нақты қорытынды шығармаған — ред.) Атыраудан Алтайға, Жетісудан Солтүстік Қазақстанға дейінгі Қазақстанның барлық өңірін жүріп өткен. Ол төрт ай ішінде ондаған қала мен ауылды аралап, халықпен тікелей сөйлескен. Жергілікті өңірлердегі экологиялық мәселелерді тіркеген.
Сапар мырзаның сапары мынадай болған: Алматы – Қонаев – Талдықорған – Үшарал – Аягөз – Өскемен – Семей – Курчатов – Павлодар – Екібастұз – Қарағанды – Теміртау – Астана – Көкшетау – Петропавл – Қостанай – Жетіқара – Ақтөбе – Орал – Атырау – Арал – Байқоңыр – Қызылорда – Түркістан – Сарыағаш – Шымкент – Тараз – Луговой – Меркі – Қордай – Алматы.
4 ай мен 12 000 шақырым
Әуел баста Сапар Аманжолұлы турист ретінде еліміздің орталығындағы бірнеше қалаға ғана баруды жоспарлаған. Жолға шығуға бір күн қалғанда паартиядағылардан «Екі қала ғана емес, Қазақстанның бар өңірін аралап шыға аласыз ба?» деген ұсыныс түскен. Сапар бұған дейін де велосаяхатқа шығып көрген. Күніне шамамен 100 шақырым жүре алатынын біледі. Картаны ашып, еліміздің территориясын 100-ге бөлген. Жолға 140 күн (4,5 ай) кетінін анықтағаннан кейін ойланбай келіскен.
Бір қызығы, Сапар саяхаттың бірінші аптасынан кейін жүрген жолын есептеуді қойған. Сол үшін жүріп өткен жолдың нақты ұзындығы белгісіз. Оның үстіне Сапар мырзаның мақсаты бір қаладан екінші қалаға бару емес, өңірлердегі экологиялық мәселе ошақтарымен танысу, олардан есеп алу болды. Сол себепті көбіне қаланың өзіне емес, сыртындағы мекендерге барған.
Еліміздің экологиялық жағдайы қандай?
Сапар Аманжолұлының сөзіне қарағанда, бұл жай ғана велосапар емес, экология саласында атқарылған үлкен жұмыс болған.
Тұрғындары «ауасы лас» деп ойлайтын Алматының экологиялық жағдайы еліміздің басқа өңірлерімен салыстырғанда әлдеқайда жақсы, — деді Сапар мырза.
Ол барған әр өңірдегі тұрғындардан «Кейінгі 30 жылда КСРО-дан қалған экологиялық жағдай жақсарды ма?» деп сұраған. Өкінішке қарай, жауап біреу ғана — «жоқ». Жақсарса да, өте баяу жақсарып келеді. Сапар мрызаның сөзіне қарағанда, адамдар өнеркәсіп орындары шоғырланған жерлердегі экологиялық мәселелерді шешуге қанша тырысса да, шеше алмайды. Өйткені оларға көп қаражат керек. Ал билік өкілдері ондай ақша бөлуге құлықсыз. Азаматтар «экологияға зиян» деп бұл зауыттарды жауып тастай да алмайды. Өйткені зауытта істейтін мыңдаған адам, отбасын асырап отыр.
Экология нашар жердің тұрғындары да аурушаң
Қазақстан пайдалы қазбаларға бай, өнеркісіпке негізделген ел. Соның арқасында зауыт пен фабрикалар көп. Зауыт пен фабрика бар жерде экологиялық мәселелердің болмауы мүмкін емес.

Экологиясы нашар жердің тұрғындары да аурушаң. Қарапайым мысал ретінде онкологияны алуға болады. Бұл — еліміздегі кең таралған аурулардың бірі.
Қазақстанда су деңгейі төмендеп барады
Еліміздің бір өңірі екіншісінен жақсы деу — ақылға сыймайтын дүние. Өйткені өңірде бір экологиялық мәселе болмаса, екіншісі міндетті түрде болады. Сол проблемалардың ішіндегі Сапар мырзаның назарын аудартқан — су деңгейінің төмендеуі.
Жолыңыз түссе, Арал мен Каспий жаққа барып қайтыңыз. Ол жердегі жағдайдың қандай деңгейде екенін түсіну үшін эколог болудың қажеті жоқ. Өз көзіммен көрген дүниені айтып отырмын. Байқоңыр жақтан өзім сияқты велосипед тепкен Париждан шығып, Виетнамға бет алған бір француз жігітпен таныстым. Ол Ташкентке бара жатыр екен. Ал мен Шымкентке бағыт алғанмын. Жолымыз шамамен бір болғасын Сырдария бойымен бірге жүрдік. Өз елімнің патриоты ретінде Ұлы Жібек жолының бір тармағы өткен, тарихы терең Сыр бойына әлгі французды апарғым келді. Оған көрсетіп, елімнің көрікті жерімен мақтанғым келді. Ол әрең дегенде көнді. Солай негізгі жолдан шығып, Сыр бойына қарай бұрылдық. Келсек, «Орта Азиядағы ең үлкен өзен Сырдария» деген аты ғана екен. Заты жоқ. Шетелдік досым таңқалып, «Осы үшін бұрылдық па?» деп өкінді, — деді Сапар Аманжолұлы.
Оның айтуына қарағанда, Сырдария өзені, Арал мен Каспийдің тартылуы Қазақстан азаматтарының ғана емес, халықаралық деңгейдегі мәселе екенін ескерген жөн.
«Атырау, Семей тұрғындары өмірін ауа сапасына қарай жоспарлайды»
Қазақстанның қай өңіріне барсаңыз да алдыңыздан мәселе шыға береді. Азаматтарымыздың өлкесіне бей-жай қарамайтынына таңғалдым. Мысалы, ауа сапасының деңгейі Астана тұрғындары үшін аса маңызды дүние болмауы мүмкін. Ал Атырау, Семей тұрғындары өмірін ауа сапасына қарай жоспарлайды. Лас ауа жұтпауға тырысады. Мәселені шешуге қолынан келгенше амал жасайды. Тым болмағанда жұртшылықтың назарын аударуға тырысады екен.
Шетел азаматтарының көңілі тоқ
Оның айтуынша, Қазақстан арқылы қажылыққа, шет елдерге саяхаттап баратын адам қарасы біршама.
Елімізде туризмге қатысты шешілмеген мәселе көп болса да, келіп-кетіп жатқандардың көңілі тоқ. Өзбекстан, Тәжікстаннан келетін азаматтар көп. Көбі қажылыққа барады, Еуропадан біздің өлкеге саяхаттап келеді. Мотоциклмен, велосипедпен жүреді, жаяу жүретіндері де болады. Жол бойындағы тәртіп сақшылары да, өлке тұрғындары да «Қандай көмек бере аламыз?» деп алып-ұшып тұрады. Ол үшін мамандарға, адамдарға алғыс айтамын. Өзім қаланың адамы болғасын, алғашында ауыл аймақтардағы кісілердің қонақжайлығына, жылы көңілдеріне қатты таңғалатынмын. Ондай адамдар әлі де бар екен, — дейді Сапар Аманжолұлы.
«Астана-Боралдай» тас жолында велосипедші не жаяу адам жүретін жол жоқ
«Астана-Боралдай» тас жолымен келе жатқанмы. Жол-көлік қызметкерлері мені камерадан көріп, бірден бұйрық жасатып, алып келді. Қолындағы құжатын көрсетіп, «сізді жолдан шығаруға мәжбүрміз» деді. Сөйтсем, бұл жолда велосипедпен жүруге болмайды екен. Олар да жұмысын істеп жатыр ғой деген оймен «мақұл» деп келістім. Алайда «Басқа қандай жолмен жүрсем болады?» деген сұрағыма жауап бере алмады. Өйткені ол жерде балама ретінде қолдануға болатын жол жоқ. Елімізге қаншама вело және жаяу жүргінші туристер келетінін ескерейік, — дейді ол.

