Түркістан облысындағы өрт: үкіметтік комиссия құрылды

Түркістан облысы Жетісай ауданы Алғабас ауылындағы жеке үйде болған өрттің себептерін тергеп-тексеру жөніндегі үкіметтік комиссия құрылды.

Комиссияға премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев төрағалық етеді.

Комиссия құрамына төтенше жағдайлар, ішкі істер, денсаулық сақтау, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрліктерінің, Түркістан облысы әкімдігінің басшылығы енгізілді. Зардап шеккендер мен қаза болғандардың отбасыларына барлық қажет медициналық және психологиялық көмек көрсетіледі, — делінген хабарламада.

Әкімдікке өрт салдарынан қаза болғандарды жерлеуді ұйымдастыруға жәрдемдесу тапсырылды.Тергеу қорытындысы бойынша қосымша шешімдер қабылданады.

Еске салайық, қайғылы оқиға салдарынан 12 адам – соның ішінде тоғыз бала – қаза болды.

Өртті барлау және сөндіру барысында құтқарушылар үйден ес-түссіз жатқан үш адамды тауып, жедел жәрдем қызметкерлеріне тапсырған. Олар түрлі дәрежеде зардап шеккен.

Қасым-Жомарт Тоқаев қаза болғандардың жақындарына көңіл айтып, үкімет пен облыс басшылығына зардап шеккендерге барлық қажет көмекті көрсетуді және оқиғаны толық тергеуді тапсырды.

Жетісай ауданында жеке үйде болған жойқын өрттен кейін «өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзу» фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Тағы да